2017 жылға дейін Астана әуежайының жолаушылар өткізу қабілеті екі есе артады
Бұл жөнінде «Астана халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Жауханов Астанада болған брифингте хабарлады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда әуежайдың жолаушыларды қабылдау ағыны 3 млн адамға жеткен, ғимараттың ауданы — 22 мың шаршы метр.
«ЭКСПО-ға байланысты салынатын жаңа жолаушылар терминалына келсек, оның аумағы 45 мың шаршы метрді құрайды. Ауданы екі есеге ұлғайтылған кейін, сәйкесінше 2017 жылға қарай жолаушылар өткізу қабілеті жылына 7,5 млн адамға жетеді», — деді Қайрат Жауханов.