26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Алматы облысының 15 компаниясы «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарына қатысады

27 маусым 2016 Қаралым: 1 576
Алматы облысының 15 компаниясы «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарына қатысады
Алматы. 28 маусым. Ақпараттар орталығы. Алматы облысында 15 компания «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарына қатысуға өтінім берді, деп мәлімдеді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әсет Шаяхметов. 

ҚР Президентінің сыйлығы үш номинацияда үш санат бойынша беріледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Үздік қызмет көрсетуші кәсіпорын». 
«Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесі отандық тауар өндірушілерді қолдау және нарықтың отандық өндірістің сапалы әрі бәсекеге қабілетті тауарларымен толығуына ықпал ету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. 

Былтыр Астанада «Ең жақсы азық-түлік тауары» номинациясында «Рыбпром» ЖШС ең үздік деп танылды. Қазақстан Президенті тағайындаған «Алтын сапа» сыйлығының «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Байсерке Агро» компаниясы» лауреат атанды. 

Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының алаңында конкурс критерийлері бойынша бағалау әдістемесі мен оны өткізу тәртібі бойынша оқыту семинары өткізілді. Биыл барлығы 27 жергілікті компания оқуға ниет білдірген. Айта кетерлігі, конкурсқа қатысуға өтінімдер ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады. Сосын сараптамалық топ облыстық кезеңге қатысушыларды анықтайды. 2015 жылы конкурстың өңірлік кезеңіне Алматы облысының 32 кәсіпорны қатысты. 

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әсет Шаяхметовтың айтуынша, конкурсты өткізу өңірдегі ең үздік кәсіпорындарды анықтауға мүмкіндік береді. 

«Ал конкурс критерийлері олардың мықты жақтары мен алда жақсартуды қажет ететін тұстарын айқындайды. Беделді конкурсқа қатысу біздің кәспорындарға өнімдерін дамытуға, ЕАЭО мен ДСҰ жағдайында қазақстандық бизнестің дамуына ұмтылуға ынталандырады», - деп атап өтті ол.