Алматы облысының әкімі терактіде қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтты
Алматы. 19 шілде. Ақпараттар орталығы. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алматы қаласында 18 шілдедегі антитеррористік операция кезінде мерт болған азаматтардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметінен.
"Барша жұртшылықтың көңілін алаңдатқан бұл оқиғада құқық қорғаушыларымыздың, қарапайым азаматтардың мерт болуы бір отбасының ғана емес, күллі елдің қабырғасын қайыстырды. Полиция қызметкерлері елдің тыныштығы мен қоғамның қауіпсіздігі үшін қызметтік борышын өтеу жолында құрбан болды. Бұл азаматтардың ерліктері елжандылықтың, отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болып қала бермек", — делінген өңір басшысының ресми үндеуінде.
Сонымен қатар А. Баталов қандықол қылмыскерлердің қолынан мерт болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін де айтты.
Сонымен қатар, ертең Амандық Баталов Алматы облысында тұратын қаза тапқан полиция қызметкерлері Аян Ғалиев пен Мақсат Сәлімбаевтың отбасыларымен кездеседі.

