26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Алматыда Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру шарттары талқыланды

30 наурыз 2015 Қаралым: 1 043

Алматыда Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін (АИИБ) құру бойынша Келісім баптарын талқылау жөніндегі Бас тілдесушілердің 3 отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандық тараптың тең төрағасы ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев болды. Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының Қаржы вице-министрі Ши Яобинь. Жалпы отырысқа 29 құрылтайшы ел делегацияларының басшылары қатысқан.

АИИБ құрудың негізгі мақсаты экономикалық дамуды қолдау, әл-ауқатты құру және Азия инфрақұрылымының өзара қатынасын жақсарту болып табылады.

«АИИБ өңірдің энергетика, көлік, логистика, қалалық және ауылдық инфрақұрылымның әлеуметтік-экономикалық жобаларын қаржыландыратын болады»,- деді Ерболат Досаев.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Азиалық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру туралы ұсынысты алғашқы рет ҚХР төрағасы Си Цзипинь Балиде 2013 жылдың қазанында АТЭЫ Іскери саммит барысында айтқан болатын. Сол уақытта Қытай мен АСЕАН елдердің көшбасшыларының кездесуі барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян қытай тарапының АИИБ құру туралы ұсынысын қолдаған.

Банктің жарғылық капиталы 100 млрд. долл. құрайды. Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға ықтимал мүше-құрылтайшылар арасында 2014 жылғы 24 қазанда қол қойылған. АИИБ құру жөніндегі Келісім баптарының жобасына 2015 жылдың маусымында қол қойылады деп жоспарлануда.

АИИБ ықтимал құрылтайшы елдер ішінде: Бангладеш, Бруней, Камбоджа, Қытай, Үндістан, Индонезия, Иордания, Қазақстан, Кувейт, Лаос, Люксембург, Малайзия, Мальдивы, Моңғолия, Мьянма, Непал, Жаңа Зеландия, Оман, Пәкістан, Филиппин, Катар, Сауд Арабиясы, Сингапур, Швейцария, Тәжікстан, Ұлыбритания, Өзбекстан, Вьетнам, Шри-Ланка.