Ақтөбе облысында өңірдегі тұңғыш технопарк ашылды
Алматы. 6 желтоқсан. Ақпараттар орталығы. Ақтөбеде өңірдегі тұңғыш "ZEREK" технологиялық паркі өз жұмысын бастады, деп хабарлады «Ақтөбе ақпарат» Ақпараттық орталығынан.
Технопарк қызметінің негізгі мақсаты инновациялық кәсіпорындар салу мен дамытуға жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді механизмін енгізу арқылы өңірде ғылымды дамытуға, ғылыми жетістіктерді, инновациялық қызметті коммерцияландыруға қолайлы жағдай жасау.
Ашылу салатанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Ол өңірде білімді, ғылым мен өндірісті біріктіру процесін ынталандыру ары қарай да жалғасатынын атап өтті.
Мәтінде атап өтілгендей, инновациялық кәсіпорын жасалу керектігі туралы алғаш рет өңір басшысы 2016 жылдың басында айтқан. Бірінші болып бұл бастаманы С.Бәйішев ат. Ақтөбе университеті қолдаған.
Технопаркте барлығы бес ғылыми зертхана болады: ақпараттық-өлшеу жүйесінің ғылыми зертханасы, техногенді қалдықтарды экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жою, инженерлік сала, «Ұлы Жібек жолының рухани мұрасы» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Ғылыми кеңістікті интернационалдандыру» халықаралық зертханасы.
Хабарда атап өтілгендей, С.Бәйішев ат. АУ халықаралық ынтымақтастықтың үлкен тәжірибесіне ие. Бүгінгі таңда университет Ресей Федерациясының, Қытайдың, Грузияның, Өзбекстанның, Корея мен басқа елдердің жетекші оқу орындарымен 80-нен астам академиялық шарт жасасқан.


