Австриялық I.T.S. GmbH компаниясы Қазақстанда травматологиялық бұйымдар өндіру зауытын салмақ
Бұл мәселе ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму (ДСӘДМ) министрі Тамара Дүйсенова мен I.T.S. GmbH компаниясының президенті Рене Бернштайнердің кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды министрлік.
I.T.S. GmbH компаниясының Қазақстанда пластиналар, бұрандалар, штифттер, арнайы импланттар мен құралдар өндіретін кіші зауыт салу туралы ұсынысын ДСӘДМ зерделей келе қолдаған.
«Қазіргі уақытта біз денсаулық сақтау саласын модернизациялауды жүргізіп жатырмыз және оның бағыттарының бірі — жаңа технологияларды енгізу», — деді Т. Дүйсенова кездесуде.
Оның айтуынша, республикада шетел инвестициялары үшін өте қолайлы жағдайлар жасалған, келесі жылдан бастап шетелдік жұмыс күшін тартуға жеңілдікті режим белгіленген.
«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті фармацевтикалық тәжірибелер (GМP) стандарттарына сәйкес келетін дәрілік заттардың жалпы нарығы жұмыс істейтіндігіне байланысты, өнімнің сапасы жақсы болатын болса, ол үшін Ресей және Беларусь нарығы ашық болады», — деді министр.
I.T.S. GmbH компаниясы 1997 жылы құрылған, травматология мен ортопедияға арналған тиімді материалдар мен құралдар жасауға мамандандырылған. Компания австриялық және халықаралық әріптестерімен бірлесіп қысқа мерзімдерде нарыққа жаңа және бірегей өнімдер енгізеді. Компания саясаты бір немесе бірнеше елдің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жергілікті өндірістік-қойма қуаттарын салуды қолдайды, деп хабарлайды министрлік.