Бас прокуратура: қылмыс жасау 5 пайызға азайды
Бұл жөнінде ҚР бас прокуроры 2014 жылдың жұмыс қорытындылары бойынша Бас прокуратураның алқа мәжілісі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың айтуынша, 2014 жылы елдегі қылмыстық ахуалдың жақсарғаны байқалды – қылмыс жасау 5,2 пайызға, яғни, 359 мыңнан 341 мыңға дейін азайды. Аса ауыр қылмыстар 18,2 пайызға, ауыр қылмыстар 17,4 пайызға азайды. Оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, қарақшылық, бопсалау, бұзақылықтар саны едәуір кеміген. Көше қылмыстары азайып, алкогольдік ішімдік ішіп және есірткі қолданып жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар саны төмендеген.
Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 395 мың заң бұзушылықты анықтап, оларды жоюға бағытталған шаралар қабылдады. 16 мыңға жуық заңсыз құқықтық актінің күші жойылды. 746 мыңнан астам азаматтың, оның ішінде 239 мың жасөспірімнің құқықтары қорғалып, қалпына келтірілді. 55 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. 500 қылмыстық іс қозғалды.