Мас қарағандылық полицейдің қолын тістеп алған
Ішімдікке сылқия тойған қарағандылық азамат қоғамдық қауіпсіздікті бұзғаны үшін шақырту бойынша барған тәртіп сакшысына қарсылық көрсеткені жөнінде хабарлайды Қарағанды облысының ІІД баспасөз–қызметі.
«5-ші қаңтар күні Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасына қарасты Орталық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы жедел басқару орталығынан түскен ақпарат бойынша шақырту түскен пәтерге барған. Полиция қызметкері барған пәтерде 47 –жастағы пәтердің иесі болған. Азамат ішімдік ішкен күйде болған және бірден полиция қызметкеріне қарсы шығып оның қолын тістеп алған», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Тыныштықты бұзған азамат полиция қызметкерімен ұсталып, полиция бөліміне жеткізіліп, өкімет өкіліне қарсы күш қолдану фактісі бойынша оның үстінен қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 380 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.