26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Өскеменде қоқыс өңдейтін зауыт пен газ құю стансалары салынады 

16 маусым 2016 Қаралым: 2 584
Өскеменде қоқыс өңдейтін зауыт пен газ құю стансалары салынады 

Алматы. 16 маусым. Ақпараттар орталығы. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жою жағдайын өзгерту, қаланың экологиясын тазарту үшін Өскеменде қоқысты қайта өңдейтін және іріктейтін зауыт салынады, деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығынан.
 

Хабарда айтылғандай, зауыт құрылысы Өскемен әкімдігі мен «Янь Хэ» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылады. Аталмыш кәсіпорын өз қаржысы есебінен қоқыстарды қайта өңдейтін және іріктейтін зауыт салады. Алдын-ала мәліметтер бойынша ол Шмелева лога ауданында 3,5 га алаңда орналасатын болады. 

«Өскемен қоқыс өңдеуші зауытымен меморандумға қол қойылды, алайда ол өз міндеттерін орындамай жатыр. Бүгінгі таңда біз сотқа шартты бұзу туралы өтініш жаздық. Бөлінген жерде қоқыстарды қайта өңдеу және іріктеумен қытайлық компания айналысатын болады», - деді Өскемен әкімі Ерлан Аймұқашев.
 

Ол Өскемен әкімдігінің 2020 жылға дейін көліктерді газға көшіру есебінен ауаға шығарылатын қалдықтарды азайтудың кешенді жоспары жасалып жатқанын айтты. Соған байланысты қалада газ құю стансаларының жеткіліксіздігіне орай, оларды жасауға инвестиция сала алатын кәсіпкерлер тартылуда. 

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде екі компания Өскеменде газ құю стансасын салуға ниет білдірді. Қазіргі таңда оларды орнату орындары қарастырылуда. Келесі жылы көлікті қайта жабдықтауға бюджет қаралатын болады. 

Бүгінгі таңда жеке секторды жылыту жүйесін көмірден басқа отынға көшіру мәселесі ашық болып қалып отыр. Аталмыш мәселе бойынша бірінші жоба қаралуда. Олар туралы Өскемен билігі бекітілгеннен кейін хабарлайтын болады. 

Хабарда атап өтілгендей, қалада ауаны ластайтын негізгі зиянды заттарға химиялық бақылау жасайтын 9 бекет пен 13 стационар, 2 метеобекет, радиациялық жағдай мен Үлбі өзеніндегі су деңгейін бақылайтын бір-бір аспап бар. Қаладағы кәсіпорындарда қалдықтарды тазартатын арнайы сүзгілер орнатылған, олар ауаның ластану деңгейін төмендетеді.