26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Қазақстан мен Үндістан жан-жақты экономикалық кооперацияны дамытуға дайын

14 маусым 2016 Қаралым: 1 112
Қазақстан мен Үндістан жан-жақты экономикалық кооперацияны дамытуға дайын

Алматы. 15 маусым. Ақпараттар орталығы. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.

Хабарда айтылғандай, әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық маңызды мәселелерді талқылады.

«Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық күн тәртібі жөніндегі тараптар ұстанымының ортақтығы мен саяси қарама-қайшылықтың болмауы екіжақты диалогты ұдайы дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті», - делінген баспасөз қызметінің хабарында.

Өз кезегінде Н.Моди Астанамен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту Үндістанның Орталық Азиядағы сыртқы саясатының басымдығы бар бағыты екенін мәлімдеді.

Тараптар екі мемлекетте де бірін-бірі толықтыратын ынтымақтастықтың әлеуеті жеткілікті екенін құптай келіп, жан-жақты экономикалық кооперацияны дамытуға бар күш-жігерді жұмсауға әзір екенін білдірді.

Хабарда айтылғандай, телефонмен әңгімелесуге Үндістан тарапы бастамашылық еткен.