Қазақстанда аграрлық қызметкерлер үшін интернет-портал іске қосылды
Алматы. 2 мамыр. Ақпараттар орталығы. Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған, барлық ауыл шаруашылық қызметкерлері пайдалана алатын Agrobiz.kz интернет-порталы жұмыс істей бастады, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Порталдың жасаушысы Айдос Аманбай, маңызы үлкен жобаны жүзеге асырғаны үшін серіктестері мен «Tech Garden Cup-2016» хакатонын ұйымдастырушыларымен марапатталып, «Үздік жоба-әзірлеу» номинациясын иеленді. Хакатонның технологиялық серіктесі ретінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ тапсырмасы бойынша жарысқа қатысушыларға iOS, Windows немесе Android платформалары үшін мобильдік қосымша мен веб-қосымша жасау үшін data.egov.kz. порталындағы ашық деректерді пайдалану шарты қойылған болатын.
Agrobiz.kz интернет-порталы шаруа қожалықтарының мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, қаржы институттарымен, ғылыми орта және коммерциялық сектормен байланыстарын жеңілдету мақсатымен жасалған.
" Мысалы, ауылдық аймақтардағы әкімшілік жедел түрде әр түрлі ескерту мен хабарландыруларды өз аймақтарының шаруа қожалықтарына жібере алады, ал мемлекеттік органдар қауіп-қатер жағдайлары туралы (сел жүру, өрт, зиянкестердің таратылу қауіпі мен карантин аурулары немесе салық төлемдерінің мерзімдері туралы) дер кезінде хабар тарата алады", — делінген мәтінде.
Сонымен қатар, аталған дереккөздің көмегімен шаруа қожалықтарының иелері қызметтері жайлы актуалды ақпаратты жариялап, өз өнімдерін нарықта жарнамалауға мүмкіндіктері бар.


