26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Қазақстандағы әуежайлар желісін дамытуға 167 млрд теңге инвестиция салынбақ

29 қаңтар 2015 Қаралым: 1 552

Бес жылдың ішінде қазақстандық әуежайларды дамытуға 167 млрд инвестиция салу жоспарланған, деп хабарлады бүгін Астанада болған брифингте «Airport Management Group» ЖШС-нің бас директоры Клод Бадан.

«Оның ішінде 62 млрд техникалық қажеттілікке жұмсалса, 105 млрд – әуежайларды дамытуға бағытталады», — деді ол.

Сонымен қатар, оның мәліметіне сәйкес 2030 жылға дейін инвестиция көлемі 22,8 млрд теңгені құрайтын болады.

Қазіргі уақытта паспорт және кедендік бақылаудан өту кезінде жолаушылардың жайлылығын жақсарту мақсатында кезекті басқарудың америкалық жүйесі енгізіліп, Астана және Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша жобаны жүзеге асыру басталады. Сондай-ақ, AMG мамандары Петропавл және Қостанай әуежайларының жұмыс жобалары мен терминалдарын, аэродромдық кешендерін жетілдіруге белсене қатысады.

Сонымен бірге, 2015-2017 жылдар аралығында Астана, Петропавл, Қостанай әуежайларының инфрақұрылымын дамытып, ұшып-қону алаңдарын, жолаушылар терминалын жаңғырту бойынша ірі жобалар жүзеге асырылады. Астана, Қызылорда, Шымкент қалаларында әуежайларда халықаралық талаптардың бәріне жауап беретін жаңа жолаушылар терминалы салынады.

Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру аясында 2013 жылдың қарашасында «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымында «Airport Management Group» ЖШС әуежайларын басқару бойынша мамандандырылған компания құрылды. Қазіргі таңда Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Шымкент, Қызылорда әуежайлары 7 жылдық мерзімге «Airport Management Group» компаниясының сенімді басқаруына берілді. Басқарушы компанияның қоржынына барлығы 11 әуежайды шоғырландыру күтілуде.