Қазақстандық бітімгер Батыс Сахарадағы БҰҰ-ның миссиясынан оралды
Алматы. 15 желтоқсан. Ақпараттар орталығы. Батыс Сахарада (MINURSO) референдум өткізу кезінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті ұстап тұру жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясынан Қазақстанға Қарулы Күштердің офицері подполковник Асқар Қожағалиев оралды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тура бір жыл қазақстандық әскери қызметші африкалық елде болды. Бұл уақыт ішінде ол екі базада қызмет атқарды. Соның біреуіне командир болып тағайындалды.
«БҰҰ-ның миссиясына қатыса отырып, мен қажетті тәжірибе жинақтадым және әрине, алған біліміммен бөлісуге дайынмын. Бұдан бұрын Батыс Сахарадағы миссияларға қатысқан офицерлеріміз өздерін кәсіби және тәжірибелі мамандар ретінде көрсете білді», - дейді Асқар Қожағалиев.
Қорғаныс ведомствосының ақпарынша, миссияда әскери бақылаушылар белгілі бір тапсырмаларды атқарады. Яғни, уақытша бітімнің сақталуын қадағалайды, бөлінген жауапкершілік аймақтарын патрульдейді. Бір уақытта бір базада бірден әр мемлекеттің әскери қызметшілері болады.
Хабарда атап өтілгендей, қазіргі уақытта Батыс Сахара (MINURSO) және Кот-д Ивуардағы (UNOCI) БҰҰ-ның миссияларында әскери бақылаушылар ретінде Қазақстан Қарулы Күштерінің төрт офицері қатысып жатыр.


