Қазақстанға қытай туристерінің топтық саяхаттарының күні анықталды
Алматы. 26 сәуір. Ақпараттар орталығы. Қытай тарапы «ҚХР-ның Қазақстандағы туризм жылы» аясында 2016 жылдың 1 шілдесін Қазақстанда қытай туристік топтарының топтық саяхаттарын ұйымдастырудың ресми басталған күні деп белгілеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚР Инвестициялар мен даму министрлігінің (ИДМ) баспасөз қызметі.
Хабарланғандай, Қазақстанға бірінші қытай туристік топтары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі арқылы келуді жоспарлап отыр.
Осы ретте туристік ағымды арттыру және қытай азаматтарының Қазақстанға туристік топтық саяхаттарын жеңілдету мақсатында қытай азаматтарын қабылдауға уәкілетті қазақстандық туроператорлардың тізімі жіберілді.
Қытай жағы Қазақстан Республикасына Қытай туристік топтарын жасақтайтын жауапты қытай туроператорларының тізімін жіберді.
Бұдан басқа, 2016 жылдың 20 мамырында Қазақстанның Қытайдағы елшілігі ҚР ИДМ, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және Қазақстан мен Қытайдың ірі туристік операторлары өкілдерінің қатысуымен роуд-шоу ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Кездесудің тақырыбы - Қазақстанның туристік және инвестициялық тартымдылығы, меморандум аясында Қазақстанға қытай туристік топтарының саяхатын ұйымдастыру, қытай туристерінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы және «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылын» өткізу.