Қазақстанның тағы екі әуе компаниясына Еуропаға ұшуға рұқсат берілді
Астана. 13 маусым. Ақпараттар орталығы. «Эйр Астана» АҚ-нан бөлек Қазақстанның тағы екі әуе компаниясына Еуропаға ұшу туралы рұқсат берілді, деп хабарлады ҚР инвестиция және даму министрлігінің (ИДМ) баспасөз қызметінен.
«Биыл 1 маусымда «PrimeAviation» АҚ мен 12 маусымда «KazAirJet» АҚ әуе компаниялары EASA-дан (Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық Авиациялық Агенттік) барлық қажетті процедуралардан сәтті өткендері туралы және еуропалық талаптарға сәйкес келетіндігі жөнінде жазбаша рұқсат алды», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
ИДМ баспасөз қызметі еске салғандай, 2016 жылдың 8 желтоқсанында Еуропалық комиссия барлық қазақстандық әуе компаниялардың Еуропаға ұшуларына шектеу қойып тастаған болатын. Бүгінгі күні «қара тізімде» қазақстандық әуе компаниялар жоқ.
Еуропалық Одаққа үшінші елдерден рейстерді жүзеге асыру мақсатында 2014 жылдың сәуір айында Еуропалық комиссия үшінші елдер экслуатанттарының авторизациядан міндетті түрде өту талабын енгізген болатын. Аталмыш авторизациялау процедурасын Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық Авиациялық Агенттігі жүзеге асырады (EASA). Эксплуатантты авторизациялау процедурасына сәйкес, Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық авиациялық агенттігіне (EASA) рейсті орындардың алдында ертерек тапсырыс беріп қою керек.

