Қазпочта «Аяз Атаға хат жаз» қайырымдылық акциясын бастады
Алматы. 23 қараша. Ақпараттар орталығы. "Қазпочта" АҚ жаңа жылдық «Аяз атаға хат жаз» акциясын бастады, деп хабарлады пошта байланысы операторының баспасөз қызметінен.
Хаттар 2016 жылдың 20 желтоқсанына дейін қабылданады. Барлық алынған хаттар «Қазпочта» АҚ-да жиналып, сұрыпталады, ал құрамына компанияның қызметкерлері мен серіктестері кіретін арнайы комиссия сыйлықтарды табыстау үшін хаттарды таңдайды. Халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған тобының балаларынан, жетім балалардан және жағдайы төмен отбасылардың балаларынан келген хаттарға сөзсіз басымдылық беріледі.
"Өткен жылы біз серіктестерімізбен бірге мыңға жуық сыйлық сыйладық және бұл жоба жаңа деңгейге шықты – бізді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қолдап, балаларға өз атынан сыйлық жіберді. Осы жылы отандастарымыздың балаларының тілектері орындалуына көмектескісі келетін министрлер мен ірі компаниялардың басқарма төрағалары да оның жолын жалғастырады деп сенеміз", — деді "Қазпочта" АҚ басқармасының басшысы Бағдат Мусин.
Республиканың барлық өңірінде балаларға сыйлықтарды Аяз ата мен Ақшақар костюмін киінген компанияның қызметкерлері, серіктестер мен БАҚ өкілдері табыстайтын болады.
Аяз атаға хат жазып, мекенжайын көрсеткен барлық балаға «Қазпочта» АҚ Аяз атаның атынан жаңа жылдық құттықтау жазылған түрлі-түсті хаттар мен компания атынан естелік сыйлық жіберетін болады.
Аяз атаға хатты облыс орталықтарындағы барлық басты почтамттардағы, сондай-ақ Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларындағы «Мега» ОСО, Астана қ. «Керуен» ОСО, Павлодар қаласындағы «Батыр Молл» ОСО-дағы арнайы жәшікке салу арқылы жіберуге болады. Шалғайдағы ауыл тұрғындары пошта бөлімшесінің операторы арқылы өз хатын беруі қажет, ол хатты Аяз атаға жеткізетін болады.
Осы жылы тілек білдіруші кез келген адам акцияның серіктесі бола алады.


