Қазпочта Рио-дағы Олимпияда ойындарының жүлдегерлеріне арнап пошталық маркалар шығарды
Алматы. 16 қараша. Ақпараттар орталығы. «Казпочта» АҚ ҚР Ұлттық Олимпиядалық Комитетімен бірлесе «Спорт» топтамасындағы «Рио-де-Жанейродағы XXXI-ші Олимпиядалық ойындар» тақырыбындағы маркаларды пошталық айналымға енгізді, деп хабарлады ұлттық пошта операторының баспасөз қызметінен.
"Төрт жыл сайын қазақстандықтар Олимпияда ойындарындағы біздің атлеттеріміздің жеңісін тілеп, жұдырықтарын қыса медальдарды күтеді. Спортшыларымыздың жеңісіне сенген халықтың ниеті үнемі ақталуда. Біздің жеңімпаздарымыздың құрметіне маркаларды шығаруды жоспарлап, реттеушілерге жібердік. Жалпы спортшыларға арналған маркаларды осыған дейін де шығарғанбыз. Алдында Геннадий Головкинге арналған маркалық блокты айналымға енгіздік" — деді «Қазпочта» АҚ атқарушы директоры Әсет Тұрысов.
Пошталық маркалардың бетінде 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен XXXI-ші Олимпиядалық ойындардың алтын және күміс жүлдегерлері бейнеленген: Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин, Нижат Рахимов, Гузель Манюрова, Жазира Жаппарқұл, Василий Левит, Елдос Сметов, Әділбек Ниязымбетов.
"Атлеттеріміздің жетістіктеріне арнап пошталық маркаларды шығару тек біз үшін емес, сонымен қатар барлық қазақстандықтар үшін маңызды. Жүлдегерлеріміздің еңбекқорлығымен және мақсаткерлігімен келген Рио-де-Жанейродағы жеңістер отандастарымыздың мақтанышы", — деп санайды ҚР Ұлттық Олимпиядалық Комитетінің атқарушы директоры Серік Қасқабасов.
Маркалар 4 бояулы офсетті тәсілмен басылған, перфорациясы жоталы. Шығарылым түрі – маркалы парақ. Парақта 8 марка. Таралымы – 40 000 дана. Белгіленген бағасы 200 теңге.


