ҚМГ басшысы Қазақстанда бензин бағасы одан әрі төмендеуі мүмкін екендігін айтты
«Бағалардың одан әрі төмендеуі әбден мүмкін. Өйткені, қазіргі жағдай сыйымдылықтарды тезірек босатуға алып келуі мүмкін», — деді Астанада болған брифингте «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев.
Оның айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарының жүктеу көлемін Энергетика министрлігі мен мұнай өңдеуші компания төмендеткен жоқ. Зауыттар ішкі нарыққа өздеріне белгіленген жеткізу көлемдерін орындауда.
Оған қоса, Қазақстан Ресейден бензин импортын шектеуді жоспарламаған.
«Қазіргі таңда Ресейден тасымалданып отырған жағармайдың көлемі индикативтік теңгерімнен көбірек. Дегенмен, Ресей Федерациясынан мұнай өнімдерін жеткізуге шектеу қою бойынша нақты шешімдер қабылданбаған. Мұндай шектеулер болмайды деген ойдамын», — деді С.Мыңбаев.
КМГ басшысының мәліметінше, РФ-нан ақшыл түсті мұнай өнімдерін жеткізу деңгейі жылына 1 млн 800 мың тонна деңгейінде қалыптасқан.