Қостанай облысында әйеліне пышақ салған күйеуін 3,5 жылға соттады
Алматы. 3 ақпан. Ақпараттар орталығы. Қостанай облысы Қамысты аудандық соты әйеліне ауыр дене жарақатын келтірген Жайылма ауылының 38 жасар тұрғыны Малышев Константинге қатысты үкімді жария етті, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, К.Малышев 2015 жылдың 12 қыркүйегінде шамамен сағат түнгі 1.00-де Қамысты ауданы Жайылма ауылында Туфановка бөлімшесінің жатақханасында ішімдік ішкен күйде әйелін жолдасынан қызғанып оның ішінің тұсынан пышақпен жарақаттаған.
Бұл ретте, есін жиып алған ол өзі телефон арқылы «жедел жәрдем» шақырған.
Зардап шегуші уақытында көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман қалды.
Хабарда айтылғандай, сотталушы кінәсін толық мойындап, ісіне өкініш білдірді.
Сот үкімімен К.Малышевке 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.