ҚР Қарулы Күштерінде ақысыз негізде әскери-техникалық мамандықтарға оқытады
Алматы. 13 қаңтар. Ақпараттар орталығы. Қазақстанның Қарулы Күштерінде 15 қаңтардан бастап Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің филиалдарында ақысыз негізде оқыту үшін шақырылуға жататын азаматтарды қабылдау басталады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Жергілікті әскери басқару органдарына жүгіне отырып, 15 әскери-техникалық мектептің біріне 18 бен 27 жас аралығындағы бозбалалар оқуға түсе алады.
"Қажеттілікке сәйкес Қарулы Күштерді сапалы жасақтау мақсатында әскери жүргізушілерді, электр механик жүргізушілері мен автокраншыларды дайындау жоспарлануда. Жоспарға сай бір мәрте қабылдау шеңберінде 500-ден аса адам білім ала алады", — делінген хабарда.
Оқу ұзақтылығы үш айдан аса мерзімді құрайды. Оқу аяқталғаннан кейін әскери-техникалық мамандыққа байланысты бітірушілерге В, С санатындағы жүргізуші куәлігі, электр механиктің, әскери автокраншының сертификаттары беріледі.
"Содан кейін тәрбиеленушілер Қарулы Күштер қатарына, яғни, мерзімді әскери қызметке шақырылады", — делінген мәтінде.
Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектептерінде тегін оқыту жыл сайын іске асырылатынын айта кеткен жөн.


