26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Қызылордада бірнеше пәтерді тонаған қылмыстық топты құрықталды

23 ақпан 2015 Қаралым: 1 085

Полиция қызметкерлерімен пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен Арал ауданының 1987 жылы туылған және Қызылорда қаласының 1993 жылғы тұрғындары ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.

2015 жылдың 6 ақпанында Қызылорда қаласы, Арай мөлтек ауданы тұрғының пәтер ұрлығы бойынша арыздануымен Қызылорда ҚІІБ  қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, ұрлық фактісі қонақ бөлменің терезесінен кіру арқылы орын алғанын және пәтерден 2 дана құндыз бас киім, 1 дана ноутбук қолды болғанын анықтаған.

Жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің қаңтар айының 14-і күні Қызылорда қаласының орталығында орналасқан үйлердің біріне кіріп, гауһар тас бұйымдарын, бағалы тонын, сейфтен 1000 АҚШ доллары мен 70 000 теңгесін ұрлап, үй тұрғынына 1 650 000 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталған.

Күдіктілердің қатысуымен ағымдағы жылдың 25 қаңтарында тағы бір пәтер ұрлығы қылмысы орын алған. Қызылорда қаласының тұрғынының үйіне түсіп, құндыз тонын, планшетін және алтын бұйымдарын қолды етіп, жалпы құны 2 580 000 теңге көлемінде шығын келтіргені белгілі болған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер Қызылорда ҚІІБ-ның уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

Тергеу барысында ұсталған тұлғаның бұдан бөлек 8 ұрлық қылмыстарына қатысы бар екендігі анықталған. Осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен тағы бір 1992 жылғы Арал ауданының тұрғыны ұсталып, ҚІІБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.