Ресей «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің іске қосылуын тежеп отыр
Алматы. 14 сәуір. Ақпараттар орталығы. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстандағы РФ-ның Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковтан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің бір бөлігі ресейлік учаске «Ақтөбе-Мәртөк-Орынбор» автожолын қайта қалпына келтіру мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлады «Ақтөбе ақпарат» ақпарат орталығы.
Әкім хабарлағандай, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің қазақстандық бөлігінде жұмыстар толығымен аяқталды, алайда ресейлік жол учаскенің мәселесі әлі шешілген жоқ.
Бұдан басқа, Ақтөбе мен Орынборды байланыстыратын тас жолдың қайта жөндеуден өтуі тәулігіне 7000 автомобильді өткізуге мүмкіндік берді. Бұл жолда орналасқан «Жайсан» өткізу бекетінен 2000 автомобиль өткізуге мүмкіндік болады деп есептелген.
«Аталмыш қабылданып жатқан шаралар лайықты нәтиже беруі үшін осындай жұмыстарды орынборлық учаскеде де жүргізу керек, осы ретте бұл мәселенің шешілуіне қолдау көрсетуіңізді сұраймын», - деп елшіге Б. Сапарбаев өтініш білдірді.
Әкімдіктің мәліметі бойынша, 2015-ші жылдың қорытындысы бойынша Ресей Федерациясымен арадағы сауда-саттық 862,5 млн. долларды құраған. Қазіргі таңда аймақта 336 қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.