Швейцариялық Glencore Қазақстанның геологиялық барлау жұмыстарына 10 млн астам долларды инвестициялайды
Алматы. 23 қараша. Ақпараттар орталығы. Швейцариялық Glencore Қазақстанның геологиялық барлау жұмыстарына 10 млн астам долларды инвестициялайды, деп хабарлады «Қазгеология» АҚ баспасөз қызметінен.
Хабарда көрсетілгендей, Лондонда ҚР Инвестициялар және даму вице- министрі Ерлан Қайыров пен «Қазгеология» АҚ Басқармасының Төрағасы Ғалым Нұржановтың әлемдегі аса ірі швейцария компаниясы Glencore акционері Николой Поповичпен кездесуі өтті, ол сонымен қатар «Kazzinc Holdings» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.
«Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі таяу уақыттағы жоспарларын талқылап, белгілі бір уағдаластықтарға қол жеткізді. Атап айтқанда, Glencore «Қазцинк» ЖШС арқылы Қазақстандағы моноқалаларда және компанияның жұмыс істеп тұрған өндірістерінің маңында орналасқан 5 перспективалы учаскедегі геологиялық барлауға қаржы салуға дайын.
2017 жылдан бастап компания осы учаскелерде геологиялық барлауды бірлесіп жүргізуге әзір. Бастапқы кезеңде инвестициялар кемінде 10 млн. АҚШ долларын құрайды», - делінген хабарда.
Қазцинк – ілеспе мыстың, қымбат металдар мен қорғасынның үлесі зор мырышты бірге өндіретін ірі өндіруші. Таукен өндіру компаниялары арасында әлемде 2 орын алатын Швейцария трейдинг компаниясы Glencore, оның басты инвесторы болып табылады.


