26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Темір торға тоғытылғандар санын азайту арқылы бюджет 12 млрд теңге үнемдейді

22 сәуір 2016 Қаралым: 1 342

Алматы. 22 сәуір. Ақпараттар орталығы. 2016 жылы темір торға тоғытылғандар санын азайту арқылы бюджет шамамен 12 млрд теңге үнемдейді, деп хабарлады Ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазаны өтеуші адамдардың құқықтарының сақталуын қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы Серікбай Ерімбетов.

Бас прокуратура өкілі хабарлағандай, бүгінде ІІМ жүйесінде 75 колония мен 18 тергеу изоляторы, 178 уақытша ұстау изоляторы және әкімшілік қамау жазасына кесілген адамдар үшін 28 арнайы қабылдау мекемесі жұмыс істейді. Бас бостандығынан айыру орындарында 37 мың адам орналасқан, 32 мың адам қылмыстық жазасын өтеуде. 240 пробация қызметінің есебінде тағы 33 мың сотталған азамат тұр.

«Осылайша қадағалауға алынғандар 70 мыңға жуық сотталған және қамауға алынған азаматтардан құралады. Соңғы бес жылда біз 57,2 мың заң бұзушылықты анықтадық, оларға қатысты 6,8 мың ұсыныс енгізіліп, қамауға алынғандардың құқығын бұзатын 1,9 мың акті күшін жойды», - дейді Серікбай Ерімбетов.

Бұдан басқа, 230-дан астам адам уақытша ұстау және айып изоляторларынан босатылды, оған қоса 12,8 мың лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, 16,7 мың азаматтың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.

Ол хабарлағандай, еліміздің пенитенциарлық жүйесін реформалау аясында Қылмыстық кодекс бойынша жазалану дәрежесі 30 пайызға азайды, бас бостандығынан айырылғандардың саны екі жылда 40 пайыздан 24-ке төмендеді.

«Бас бостандығын шектеу үстем жазаға айналды, ол әрбір үшінші адамға тағайындалады. Осылайша, үш жылда түрме халқы 12 мың тұтқынға азайды, яғни, 52 мыңнан 40 мыңға дейін кеміді. Нәтижесінде халықаралық рейтингте біз 30-шы орыннан 55-ші орынға көтерілдік», - делінген С. Ерімбетовтың Бас прокуратура сайтында жарияланған сұхбатында.

Оның айтуынша, 2016 жылдың өзінде түрме халқын қысқарту арқылы мемлекет 12 млрд. теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады. Сонымен қатар жазаның орнын айыппұлмен айырбастау институтын кеңейту бюджетті 230 млн теңгеге толықтыруға мүмкіндік берді.