26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Түсіндіру жұмыстары қазақстандықтардың бойында экстремистік идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру керек

25 ақпан 2015 Қаралым: 1 113

Астанада мемлекет басшысының төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Отырыста Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2014 жылғы жүзеге асырылу барысы, елдің Қарулы Күштерін нығайту мәселелері талқыланды, сондай-ақ биылға арналған мейлінше өзекті міндеттер белгіленді.

Мемлекет басшысы қабылданып жатқан шаралар арқасында ұлттық мүдделерді тиісті деңгейде сақтау қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар діни-экстремистік, террористік, сондай-ақ жаһандық және өңірлік үрдістерден туындаған экономикалық сипаттағы қатерлер сақталып отыр.

Қазақстан Президенті осыған байланысты лаңкестікке қарсы қолда бар инфрақұрылымды жетілдіру қажеттігіне тоқталды.

Мемлекет терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіруді жалғастырып, арнаулы бөлімдердің жабдықталуын және олардың лаңкестікке қарсы операцияларға дайындығын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды. Түсіндіру жұмыстары азаматтарымыздың бойында экстремистік идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру ісіне бағытталады.

Елбасының айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар елдегі және біздің негізгі сауда серіктестеріміздің нарықтарындағы экономикалық ахуалды ұдайы талдап отырып, қажет болған жағдайда шара қабылдауға тиіс.

Қалыптасқан жағдайда ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік және еңбек қақтығыстарына әкелетін себептерді жоюға айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте еңбек және шаруашылық дауларына қатысушы барлық тараптың заңдылықты сақтауы маңызды.