Ұлттық банк депозиттер қабылдау мен жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға "Delta Bank" АҚ лицензиясының қолданылуын жаңартты
Алматы. 29 желтоқсан. Ақпараттар орталығы. ҚР Ұлттық банкі депозиттер қабылдау мен жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға "Delta Bank" АҚ лицензиясының қолданылуын жаңартты, деп хабарлады қаржылық реттеушінің баспасөз қызметінен.
"2016 жылғы 29 желтоқсанда «Delta Bank» акционерлік қоғамына жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу бөлігінде банктік және өзге де операцияларды жүргізуге және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияның қолданылуын жаңарту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының № 318 қаулысы қабылданды", — делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, бұл қаулымен 2016 жылғы 29 желтоқсаннан бастап «Delta Bank» АҚ-қа жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауды, банк шоттарын ашуды қайта жүзеге асыруға рұқсат берілді. Қаулы Банктің активтердің сапасын жақсартуға, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін жетілдіруге бағытталған бірқатар іс- шараларды жүргізуі туралы өтінішін және растайтын құжаттарын қарау қорытындылары бойынша, сондай-ақ Банк акционерлерінің Банктің өтімділігін қолдау және қосымша капиталдандыру бойынша өздеріне қабылдаған міндеттемелерін ескере отырып қабылданды.


