Ұлттық банк «Туған күніңмен», «Махаббат» және «Петропавл» монеталарын шығарды
Алматы. 20 желтоқсан. Ақпараттар орталығы. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2016 жылғы 20 желтоқсанда «proof» сапасымен «Монета – сыйлық» монеталар сериясынан номиналы 100 теңгелік «Туған күніңмен», «Жүректен жүрекке» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік «Махаббат» ескерткіш күміс монеталарын және нейзильбер қоспасынан «Қазақстанның қалалары» монеталар сериясынан номиналы 50 теңгелік «Петропавл» ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады. Бұл туралы қаржылық реттеушінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Туған күніңмен» монетасы «Монета – сыйлық» монеталар сериясын жалғастыратын тік бұрышты үшінші монета болып табылады. Монета реверсіне тампографиялық мөрді қолдана отырып дайындалған. Әрбір монетаға міндетті түрде қоса берілетін сапа сертификатында жазбаша, атаулы құттықтауға арналған бірнеше бос жол көзделген.
Монетаның бет жағында сүргіш таңбасының қоршауындағы стильдендірілген гүл бейнеленген. Гүлдің ортасында Қазақстан Республикасының елтаңбасы орналасқан. Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған. Ең көп таралымы – 5 мың дана.
«Махаббат» монетасы монеталарда адамзатқа ортақ құндылықтарды көрсетуге арналған серияның екінші монетасы. Монетаның бет жағында орталық бөлігінде ішіне ою-өрнек салынған жүректің стильдендірілген бейнесі бар. Монетаның сырт жағында (реверсінде) орталық бөлікте екі ғашықтың алтындатылған бейнесі. Монета 925 сынамды күмістен жасалған. Ең көп таралымы – 3 мың дана.
«Петропавл» монетасының сырт жағында орталық бөлігінде Петропавл қаласының гербі бейнеленген. Монеталар «нейзильбер» қоспасынан жасалған, таралымы – 50 мың дана.


