2014 жылы Таиландқа 70 мыңнан астам қазақстандықтар барған
25 ақпан – 1 наурыз аралығында Қазақстан Таиландтағы 16-шы Халықаралық туристік жәрмеңке-көрмесі жұмысына қатысады. Қазақстандық павильон ҚР Елшілігі және «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысымен ұсынылды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.
Халықаралық, 800 мыңнан астам адам қатысатын, туристік жәрмеңке-көрме Таиландтағы ірі туристік іс-шаралардың бірі болып табылады. Көрмеге ұлттық және аймақтық туристік компаниялар, беделді қонақүйлер, әуе агенттіктер қатысады.
Көрмеде Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марат Есенбаев Таиланд Туризм және спорт министрі Кобкарн Суриясат Ваттанаврангкулмен кесдесті.
Тай министрінің айтуынша 2014 жылы Таиландқа 70 мыңнан астам қазақстандықтар барған. Қазақстан тай азаматтары үшін тартымды бағыт болып табылады екен. Осы мақсатта Таиланд туризм саласындағы қазақстандық-тай ынтымақтастығының әрі қарай дамуына мүдделі.
Министрдің пікірінше, Таиланд үшін визалық режимнің жеңілдетілуі Қазақстанға тай туристері ағымының өсуіне мүмкіндік береді. Министр мысал ретінде Таиландтың Жапония, Ресей, Түркия, Сингапур, Бахрейн, Брунеймен қолданыстағы визасыз режимін келтіріп, визалық талаптар жеңілдетілгеннен кейін тай туристерінің аталған елдерге сапары 5-6 есеге өскенін атап өткен.