26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Алматы метросының «Мәскеу» мен «Сайран» бекеттерінде барлық жүйелерді байқап көру және тексеру жұмыстары аяқталуда

17 наурыз 2015 Қаралым: 1 091
Алматы әкімі Ахметжан Есімов метрополитеннің «Мәскеу» және «Сайран» атты екі жаңа бекеттеріне инспектрлік тексеру жүргізді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде бұларда барлық тестілік тексерулер мен өзге де сараптамалық жұмыстар аяқталып қалды, қызметкерлер штаты анықталды.
«Мәскеу» және «Сайран» бекеттерінің беріктігі ойдағыдай. Метро — спецификалық көлік, сондықтан мұнда бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жөн», — деді А. Есімов.
«Сайран» және «Мәскеу» бекеттері іске қосылса, мамандардың болжамы бойынша жолаушылар қатары екі есеге артады. Алғашқы кездері метроны тәулігіне 13-14 мың адам пайдаланса, қазір олардың саны 24 мыңға жетіп отыр. Өткен жылдың аяғында тасымалданған жолаушылар саны 20 млн. адам болған.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде Алматы жер асты көлігінің ұзындығы 8.56 км, «Сайран» және «Мәскеу» бекеттері іске қосылса оның ұзындығы тағы да 2,74 км. артатын болады.
«Сайран» бекеті Абай даңғылы бойына Брусиловский мен Тілендиев көшелерінің арасына орналасқан. «Мәскеу» станциясы Абай даңғылы бойына Өтеген батыр мен Алтынсарин көшесінің арасына орналасқан.
Жер асты көлігі тармағын Абай даңғылынан батыс бағытқа Момышұлы көшесіне қарай тарту метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезегінің құрылысын бастаған кезде жүзеге асады, оның құрамында «Family Park» аумағына енетін «Сарыарқа» бекеті мен Абай даңғылы бойымен Момышұлы көшесінің батысын қамтитын «Достық» бекеті болады.