Алматыда «Бірінші болу батылдық» атты IV қайырымдылық марафонына 15 мыңнан астам адам қатысты
Халықаралық деңгейдегі шара AIMS — Халықаралық марафондар мен жүгірулер эгидасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Марафонға әлемнің 40 елінің жүгірушілері тіркелген. Егер бірінші жылы оған 3 мың адам ғана қатысса, өткен жылы 10 мың адам, ал биыл 15 мыңнан астам адам қатысқан. Олардың арасында атақты спортшылар, мәдениет қайраткерлері, алматылық спорт әуесқойлары және қала қонақтары болған.
«Ең бастысы, алматылықтар салауатты өмір салтына ден қойған. Әрине, ол үшін жағдай да керек. Қазіргі кезден 2017 жылы өтетін Универсиада нысандары салынуда. Оның үстіне Алматы Олимпиаданы өзінде өткізуге бірден-бір үміткер қала, біздің бұл ретте мүмкіндігіміз артып келеді», — деді қала әкімі Ахметжан Есімов.
Алматы марафонының қашықтықтығы 3 км, 10 км, 21 км, 42 км 195 м және марафон эстафетасы болған. Орталық стадионда мәреге алғашқы болып жеткендерге бағалы және ескерткіш сыйлықтар табыс етілген.