Алматыда өрт шыққан балалар үйінде жөндеу жұмыстары басталды
Алматы. 22 қараша. Ақпараттар орталығы. Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлері ғимараттың екінші блогына орналастырылып, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілді, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін түнде Алматы қаласы Бағанашыл ықшамауданындағы балалар үйінде өрт болды. Оқиға себептері анықталуда.
"Өрт болған кезде ғимаратта осында тәрбиеленетін 161 баланың 154-і болған. Себебі 161 баланың 3-еуі Есіктегі көзі нашар көретіндерге арналған мектеп-интернатта, 4-еуі «Бөбек» орталығында демалысқа жіберілген. 154 баланың 4-еуі ауруханаға жеткізілді. Олардың 3-еуі емдеу мекемесіне жеңіл жарақаттармен, 1-еуі сынықпен түскен. Олардың жағдайы қазір бірқалыпты, денсаулықтарына қатысты қауіп жоқ", — деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Ляззат Базарқұлова.
Оның ақпарынша, оқиға орнында құрылыс жұмыстары басталды.
"Оқиға орнына «Дәулет Серпін» ЖШС өкілдері келіп, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына облыстың басқа да оқу орындарының мамандары тартылуда. Ас әзірлеу блогы стандартты режимде жұмыс істеп тұр", — деді ол.
Жағдайды Алматы облысының әкімі тұрақты бақылауына алды.
"Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жағдайды ерекше қадағалауға алып, қысқа мерзім ішінде ғимараттың жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу үшін Төтенше жағдайлар қорынан қаржы қарастыруды тапсырды. Балалар үйіне барлық қажетті көмек пен қолдау шаралары көрсетілуде", - деді Базарқұлова
