Ақтөбе облысындағы автожолдарда күртік қардан 1100 адам құтқарылды
Алматы. 1 ақпан. Ақпараттар орталығы. Ағымдағы жылдың қаңтарында Ақтөбе облысындағы автожолдарда күртік қардан 1100 адам құтқарылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, ауа райының қолайсыздығынан 2016 жылдың 1-25 қаңтары аралығында облыстық және республикалық маңыздағы автожолдарда бірнеше рет көлік қозғалысына шектеу салынды. Жедел құтқару қызметтері жоғары дайындықта жұмыс жасады, ал Ақтөбе облысындағы төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Барлық жабылған бағыттарда жол полициясының бекеттері орнатылды.
«Тұрғындарды БАҚ және sms хабарламалары арқылы хабардар еткеннің өзінде ондаған көлік елдімекеннен тысқары жерде қар құрсауында қалған», — делінген хабарда.
Жалпы 73 апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстары жүргізіліп, 320 адам құтқарылып, тағы 872 адам басқа жерге көшірілген. Қар құрсауынан 395 дана техника шығарылды.
Осы уақыт аралығында 16 жылыту пункттері, соның ішінде өткізгіштігі жоғары автокөлік базасында екі жылжымалы пункті құрылды. Аталмыш пункттерде 349 адам жылынып, 650 адам үшін тамақтану ұйымдастырылды.
Хабарда айтылғандай, тас жолдарда қалып қойған адамдарға көмектесу үшін құтқарушылармен бірге тәулік бойы кәсіби психологтар кезекшілік етті. Сондай-ақ, «ыстық желі» телефоны бойынша тұрғындарға жедел ақпараттық және психологиялық көмек көрсетілді.
Жалпы, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖ Комиттеті бөлімшелерінің, ішкі істер органының, жергілікті атқарушы органдар мен «Қазақавтожол» РМК-ның 1300 адамы мен 690 дана техникасы жұмылдырылды.