29 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Ақтөбе облысының тағы бір аудан орталығы газдандырылды

12 қазан 2016 Қаралым: 2 455 Экономика,  Бизнес
Ақтөбе облысының тағы бір аудан орталығы газдандырылды

Алматы. 12 қазан. Ақпараттық орталығы. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Ақтөбе облысының елді-мекендерін газдандыру және газ тарату жүйелерін жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында Ойыл ауданының орталығы Ойыл ауылындағы көшеаралық және жеткізуші газ құбырының құрылысы аяқталды деп хабарлады баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиев қатысты.

​

Ойыл ауылын газдандыру аясында 1 АГТС (автоматтандырылған газ тарату станциясы), 1 ГРБ (блокты газ реттеу пункті), 92 км астам жеткізуші газ құбыры, 59 ШГРП (шкафты газ реттеу пункті), 80 км көшеаралық газ құбыры салынды. Бұл нысандар ауылдың 6000 тұрғынын, 871 тұрғын үй мен 59 коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысандарды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

​

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын осы айтулы оқиғамен құттықтай келе, Елбасының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында барлық шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

- Жыл сайын ауылдық жерлердегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлініп жатыр. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ қызметінің арқасында аудан орталықтарын газдандыру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бірнеше жылдан кейін барлық елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі.

Өз кезегінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиев биыл істелген жұмыстардың мәні ерекше екенін атап өтті.

- Бұл біздің компанияның Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнаған сыйы. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» ел тұрғындарының әл-ауқатының артуына қомақты үлес қосып келеді. Биыл Ақтөбе облысының 30 мың тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді.

Ойыл ауылында газ алғашқылардың бірі болып Берік Құрмашевтің үйіне газ кірді.

- Бұл оқиғаны көптен бері күттік. Көмір бағасы жылдан-жылға қымбаттап келеді, ағаш жару да оңай емес. Енді газ кіріп, көптеген мәселе өз шешімін тауып отыр. Менің отбасым үлкен. Көгілдір отынмен бірге үйімізге жылу мен жайлылық кірді. Казтрансгаз компаниясына алғасымыз шексіз. Бүгін үйімізде шынайы мереке.

Жалпы облыс бойынша 2015-2020 ж.ж. қамтитын инвестициялық жоба аясында 287 км газ құбыры салынады. 2030 жылға қарай өңірді газбен қамту деңгейі 96% құрайды.

Тағы оқыңыз