Астана Марафон 4 млн теңге қайырымдылық қаржысын жинады
Алматы. 8 қыркүйек. Ақпараттар орталығы. Астана Марафонға барлығы 4 352 қатысушы тіркеліп, оның 2 985-і мәреге жетті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар мен ақшалай жүлделер тапсырылды. Марафонның жалпы сыйлық қоры 2 миллион теңгені құрады, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінен.
«Әйелдер арасынан 10 шақырымдық қашықтыққа жүгіруден
Жақсыгүл Мұсырман жеңіске жетсе, ал ерлер арасынан – Азамат Сабыржанов бірінші
болды. 21,1 шақырымдық қашықтыққа жүгіруден әйелдер арасынан Екатерина
Шатная, ал ерлер арасынан – Ағзам Әріпжанов жеңіске жетті. 41,2
шақырымдық марафондық қашықтыққа жүгіруден әйелдер арасынан Ақмарал Мейірман
(3:01:05) жеңсе, ерлер арасынан – Айдын Қасен бірінші болды, ол бұл қашықтықты
2 сағат 38 минут 9 секунд ішінде жүгіріп өтті», – деп хабарлады
ұйымдастырушылар.
Бұдан басқа,
жартылай марафонда нормативтерді орындаған қатысушылардың барлығы спорт
шеберінің кандидаты атақтарын алған.
Тамаша спорттық көрсеткіштерден басқа, марафонның басты
қорытындысы ретінде адамдардың мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмек
көрсеткендіктерін атауға болады
«Астана Марафоны» –
қайырымдылық. Барлық жиналған қаражат қайырымдылық қорына кетеді, олар қаржыны
нақты жобаларға жұмсайды», – деді бас ұйымдастырушы Гаухар Брамлей-Фентон.
Тіркеу жарналдарынан жиналған барлық қаражат «Қасиетті Жол»,
«SOS: Балалар қалашығы», «Аяла», «Аналар үйі», «BI Жұлдызай» қайырымдылық
қорлары мен «One Steppe Beyond» жобасына берілетін болады. Барлығы 4 328 492 теңге жиналды.
Еске салсақ, 4
қыркүйекте Қазақстан елордасы – Астанада ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың
қатысуымен Астана Марафон қайырымдылық марафоны өтті. Оған әлемнің 28 елінен
(АҚШ, Франция, Италия, Жапония, Аустралия, Германия, Иран және т.б.) 4 352
адам қатысты.


