Ата –аналар мен педагогтар міндетті мектеп формасының қандай болатынын анықтап жатыр
Алматы. 2 тамыз. Ақпараттар орталығы. Ата –аналар мен педагогтар міндетті мектеп формасының қандай болатынын анықтап жатыр, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінен.
«Мектеп формасының қандай болу керектігін анықтау құқығы мектеп педагогтары мен ата-аналар (қоғамдық немесе қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеті) еншісіне беріліп отыр», - делінген ведомство хабарында.
Мектеп формасын енгізу мерзімін білім беру ұйымдары дербес белгілейді. Мысалға, мектеп формасын жаңа оқу жылынан енгізуді жоспарлайтын болса, онда бұл шешім ағымдағы оқу жылының 25 мамырына дейін жалпы мектептік жиналыста бекітілуі тиіс..
Білім басқармалары мен бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алуды ұсына алады..
Ата-аналар мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін таңдай алады.
«Ата-ананың міндеті – баланы оқу жылы басталғанша мектепте бекітілген форма үлгісі мен түсіне сәйкес киіммен қамтамасыз ету», - делінген хабарда.
Мектеп басшылығының форманы нақты бір өндірушіден алуды талап етуге, сондай-ақ, мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы жоқ. Білім беру ұйымдарының басшылығы мен мұғалімдерінің ата-аналардан оқу формасын сатып алу мақсатында қаражат жинауына жол берілмеуі тиіс.
Мектеп кеңесі (ата-аналар комитеті) аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын мектеп формасымен «Мектепке жол" акциясы аясында және жаппай оқу қоры есебінен тегін қамтамасыз етеді
Әр оқу мекемесі өзінің дербес мектеп формасын таңдай алады.
Республика бойынша бірыңғай мектеп формасын енгізу көзделмеген.
Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар белгіленген құжатпен «Әділет» нормативті құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінің беттерінде таныса алады.
«Мектеп формасын енгізу жөніндегі шешімдерді қабылдау барысында мектеп басшылығы мен ата-аналар осы талаптарды қатаң басшылыққа алу керек. Аталған талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және оқушылардың арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталып отыр», - деп атап өтті министрлікте.


