Атыраудың бірқатар аудандарын жерасты арналар жүйесінің болмауынан су басты
Алматы. 18 сәуір. Ақпараттар орталығы. Атырауда жерасты арналар жүйесінің болмауы салдарынан қаланың бір бөлігін су басты.
Атырау облысының ТЖД хабарлағандай, 16 сәуір сағат 16.00.-ден бастап Атырау қаласында сіркіреген жауын-шашын түсіп, жер асты арналар жүйесінің болмауы салдарынан қалада 17 сәуір 03.00 сағаттан бастап автокөлік жолдарында, жеке үйлердің аумағында және көшелерде шалшық жауын-шашын суларының пайда болуына алып келді.
Атырау облысының ТЖ департаментінде жедел штаб құрылды.
Атырау қаласы бойынша қала тұрғындарынан 42 өтініш және Ы.Алтынсарин атындағы №11, С.Мұқанов атындағы №10 орта мектептің ауласы мен аумағын су басқандығы туралы хабарлама түсті.
«Қазіргі уақытта 6 тұрғын үй, 34 аула мен 2 мектептің аумағын су басты.
Жауын-шашын суы басқан жерлерде құтқару бөлімшелерінен, жергілікті атқарушы органдары мен коммуналдық қызметтерінен 57 адам және 33 бірлік техника жұмыс жасауда», - делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.