Жамбыл облысында 33 млн тг жымқырғаны үшін әскери бөлімнің қаржы бастығы сотталды
Алматы. 13 мамыр. Ақпараттар орталығы. Шымкент гарнизоны әскери сотымен мемлекет қаржысын жымқырған деп айыпталған РММ-нің 42062 әскери бөлімнің әскери қызметшісі, қаржы қызметінің бастығы А.Э.Туганбаевқа қатысты қылмыстық ісі қаралды, деп хабарлады ҚР Әскери сотының баспасөз қызметінен.
Сот анықтағандай сотталушы А. Туганбаев қаражатты иемденіп алып, талан - таражға салған, яғни 42062 әскери бөлімнің сеніп тапсырылған 33 244 017 теңге ақша қаражатын жымқырған. Хабарда айтылғандай, аталмыш қаржыны жымқыру үшін айыпталушы қызметтік жағдайын пайдаланып, қызметтік жалғандық жасап, ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтерді енгізген.
«Сот үкіміне сәйкес сотталушы А.Э.Туганбаев ҚР ҚК 189 бабының 4 бөлігі 2 тармағымен, 369 бабының 2 бөлігімен айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен 7 жыл 6 (алты) ай бас бостандығынан айырып, мемлекеттік және әскери мекемелерде әкімшілік - шаруашылық қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырып, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге тағайындалған», - делінген сот хабарында.
Туганбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы кепілдік жойылып, сот залынан қамауға алынған.
Сондай-ақ, сот Қ Р Қорғаныс Министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік әскерлер қолбасшылығы басқармасының командирі атына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды алдын-алу шараларды қабылдау және күшейту қажеттілігі туралы жеке қаулы шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.