Назарбаев Ақышевке шағын және орта бизнесті қолдау қажеттігі туралы айтты
Алматы. 10 ақпан. Ақпараттар орталығы. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевпен кездесуде шағын және орта бизнес субьектілеріне қолдау көрсету қажеттігін айтты, деп хабарлады Акорда баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, Д.Ақышев кездесу барысында Мемлекет басшысына ақша-несие саясатындағы негізгі бағыттар мен қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады.
«Қазақстан Президенті қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономиканы дамытуға ықпал ету жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына тоқталып өтті», — делінген хабарда.
Н. Назарбаев сондай-ақ, шағын және орта бизнес субьектілеріне, сондай-ақ баспана құрылысын одан әрі жалғастыру ісіне қолдау көрсету қажеттігіне де назар аударды..
Д.Ақышев экономиканың нақты секторын қаржыландыру шаралары елдің даму қарқынына оң әсерін тигізуі қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.