26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Оралда жасанды шағыл тасты өндіру басталды

22 қаңтар 2015 Қаралым: 1 795

Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясының әк зауытында жасанды шағыл тасты өндіру технологияларының тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауы өтті, деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы (БҚО) әкімдігі.

«Алгоритм» технопаркінің директоры Арман Есекеновтың айтуынша, бұл БҚО үшін маңызды инновациялық жоба болып табылады. Қазіргі уақытта Орал қаласының басшылығы осы өнімді облыс орталығындағы автокөлік жолдарына пайдалану мәселесін қарастыруда.

«Шағыл тас өңірімізге Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданынан жеткізіледі. Жол шығынын қоса алғанда орта есеппен әрбір тоннасының бағасы бізге 6-7 мың теңге көлемінде келеді. Ал біз жасанды шағыл тасты Тасқала ауданы аумағындағы кремнилі тау жынысынан алу жобасын енгізіп жатырмыз», — деді Арман Есекенов.

Маркентингтік зерттеулер көрсетіп отырғандай, оның тоннасының құны 4-4,5 мың теңге болмақшы. Ал бүгін өндірістік негізде үлкен көлемде, яғни 200 тонна кремнилі тау жынысынан 200 тонна көлемінде жасанды шағыл тас алу жоспарланып отыр. Ол өнімге бір апта бойы жергілікті өндіріс орындарының зертханаларында зерттеу жұмыстары  жүргізіледі. Зерттеу оң нәтиже берсе, ол кең көлемде өндіріске енгізілмекші.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Технологияларды коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаевтың сөзінше, егер бәрі ойдағыдай болса, өнімді әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік мол. Орталық жасанды шағыл тасты өндіру технологияларының тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауы үшін 45,5 млн. теңге сомасында грант бөлді. Ол сынақтар әзірге сәтті жүзеге асуда.