26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Путин Ақтөбедегі терактіге байланысты Назарбаевқа көңіл айтты 

9 маусым 2016 Қаралым: 2 402
Путин Ақтөбедегі терактіге байланысты Назарбаевқа көңіл айтты 
Алматы. 10 маусым. Ақпараттар орталығы. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Ақтөбедегі терактіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен. 

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақтөбе қаласында террористердің зұлымдық әрекеті салдарынан қазақстандық әскери қызметшілер мен еліміздің бейбіт тұрғындарының қаза болуына байланысты көңіл айтты.

«Болған оқиға терроризмнің шекара талғамайтынын және әлемнің барлық елі мен бүкіл халқы үшін айқын қатер төндіретінін тағы да көрсетіп берді. Бұл зұлымдықты тек барша жаһан жұртшылығы болып күш-жігер жұмылдыру арқылы жеңуге болады. Ресей Қазақстанмен антитеррорлық бағыттағы серіктестік өзара іс-қимылды бұдан әрі де нығайтуға әзір екенін білдіргім келеді», - деп жазылған РФ басшысының жеделхатында. 

Сондай-ақ Ресей президенті қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына шын ниетпен көңіл айтатынын және содырлардың қолынан зардап шеккендердің барлығының тезірек сауығып кетуіне тілектес екенін жеткізуді өтінді.