Қазақстанда азық-түлік, тоқыма бұйымдары өнімдерінің өндірісі өсті
Алматы. 25 қазан. Ақпараттар орталығы. ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткізіліп жатқан Үкімет отырысы барысында биылғы жылдың 9 айындағы ҚР экономика салаларының ағымдағы жағдайы туралы айтты, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметінен.
Министр ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстандақұрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік саласы мен өңдеуші өнеркәсіп салаларында оң серпіннің байқалатындығы туралы хабарлады. Сонлдай-ақ, азық-түлік, тоқыма бұйымдары мен фармацевтика өнімдерінің өндірісі өсті.
Ол сондай-ақ, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында өнеркәсіп өсімінің жоғарғы қарқыны байқалатындығын айтып өтті.
«Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өндірісін 7,0%-ға ұлғайту есебінен шамамен 5% құрады. Мал шаруашылығы өнімдерін шығару 2,5%-ға өсті. 11 қазандағы жағдай бойынша, 15,2 ц/га өнімділіктен 23,2 млн тонна астық бастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 ц/га-ға жоғары көрсеткіш. Құрылыс жұмыстарының көлемі тұрғын үй құрылысын ұлғайту есебінен 6,9%-ға артты. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегінде тұрғын үйлерді пайдалануға беру Павлодар, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Астана қаласындағы тұрғын үйлерді өткізудің айтарлықтай ұлғайған қарқыны есебінен 13,6%-ға өсті», – деді Қ.Бишімбаев.


