Сағынтаев Алматыдағы инновациялық технологиялар паркін аралады
Алматы. 8 ақпан. Ақпараттар орталығы. Алматыға жұмыс сапары барысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев инновациялық технологиялар паркін аралады, деп жазады primeminister.kz.
Еске салсақ, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес құрылған және ақпараттық технологиялар, электроника және құрал жасау, жаңғыртпалы энергия көздері, ресурсты үнемдеу, тиімді табиғат пайдалану және т.б. салаларды дамытумен айналысады.
«ИТП» АЭА аралау барысында Бақытжан Сағынтаев операторларды, мұнай инженерлерін, бұрғылау мердігерлерін және сервистік компаниялардың техникалық кадрларын кәсіптік даярлау бойынша заманауи оқу-жаттығу орталығын, сондай-ақ заманауи импортты алмастыратын телекоммуникациялық жабдықтар өндіретін компанияны аралады.
Сонымен қатар, Сағынтааев парк аумағында жұмыс жасайтын IT-ұйымдар өкілдерімен кеңес өткізді. Бақытжан Сағынтаев кеңес барысында Мемлекет басшысының өз Жолдауында жариялаған мақсаттарға жету үшін елдің барлық ғылыми және инновациялық әлеуетін пайдалану қажет екенін атап өтті.
Осы орайда Б. Сағынтаев «ИТП» АЭА аталған міндетті іске асыруда үлкен үлес қоса алатынын айтып өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев инвестициялар және даму, ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне айтылған ұсыныстарға талдау жасап, оларды «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды.
Дереккөз: Официальный сайт премьер-министра РК


