26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Шымкентте полицейлер 18, 15 және 13 жасар автокөлік ұрлығына қатысты күдіктіні қолға түсірді

5 қаңтар 2015 Қаралым: 2 032

«Шымкент ҚІІБ-ның криминалды полиция жедел уәкілдері аудандық тәртіп сақшыларымен бірлесіп өткізген шұғыл-іздестіру шараларының нәтижесінде автокөлік ұрлады деген күдікпен 3 азамат қолға түсті. Олар Шымкент қаласының 1997, 1999, 2001 жылғы тұрғындары болып шықты. Ұсталғандардың бірі бұдан бұрын автокөлік ұрлағаны үшін сотты болған. Полицейлер ұсталғандардың тағы 20 автокөлік ұрлығына қатысты екендіктерін анықтады», — деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Күдіктілер негізінен иелері қараусыз тастап кеткен автокөліктерді, арнайы дабылдары жоқ автокөліктерді және де көп қабатты үйлердің ауласында тұрған автокөліктерді арнайы құралдарымен есіктерін бұзып, ұрлап отырған. Олар ұрлаған автокөліктерімен түнгі қаланы қыдырып, содан соң оларды тастап, оқиға орнынан бой тасалаған.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары тергеу барысында 18 жасар күдікті тағы да 10 пәтер ұрлығына қатысты екенін анықтады.

Жәбірленушілерге алып келген жалпы шығын көлемін бүгінде полицейлер анықтау үстінде.

«Аталған жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 175 бабы «Ұрлық» және 185 бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бір күдікті қамауға алынды, қалған екеуі ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат қалдырды. Тергеу амалдары жүргізілуде», -деп мәлімдеді баспасөз қызметі.