26 ноября 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Талдықорғанда қазақстандық дәрігерлер клиникалық медицинаның өзекті мәселелерін талқылады 

14 июня 2016 Қаралым: 1 676
Талдықорғанда қазақстандық дәрігерлер клиникалық медицинаның өзекті мәселелерін талқылады 
Алматы. 15 маусым. Ақпараттар орталығы. Талдықорғанда таяу және алыс шетел мамандарының қатысуымен «Клиникалық медицинаның өзекті мәселелері» атты I Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция болып өтті, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Хабарда айтылғандай, форум аясында І.Жансүгіров ат. мәдениет сарайының фойесінде республика аумағында жұмыс жасайтын медициналық ұйымдар мен мекемелердің көрмелері жасалды.

Конференция жұмысы облыстың медицина саласында соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері жайында дайындалған бейнесюжеттен басталды.

Облыс басшысының атынан сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев өңірде тұрғындардың денсаулығын нығайту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. 

«Ауыл саласы еңбеккерлерінің, қарттардың, әйелдер мен балалардың денсаулығы ерекше бақылауда. Денсаулық сақтау саласының бюджеті жыл сайын өсіп келеді, медициналық мекемелердің материалды-техникалық базасы нығайтылуда, жаңа ауруханалар салынуда. Емдеу диагностикасының жаңа тәсілдерін анықтау мақсатында медицина қызметкерлерінің біліктілігі үнемі көтеріліп отырады», - деді әкім орынбасары.

Ол облыс бойынша ана мен бала өлімінің, сондай-ақ әлеуметтік маңызды аурулардың төмендегенін атап өтті. 

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың атынан салалық министрліктің ресми өкілі Гүлнара Жүнүсбекова сөз сөйледі. 

Конференция барысында Халықтар достығының Ресей университеті және Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы арасында ынтымақтастық жөніңдегі меморандумға қол қойылды.

Пленарлық отырыста ауылдағы медициналық көмек сапасы мен оған қол жетімділікті арттыру жайындағы, онкологиялық аурулардың кейбір түрлерін ерте кезден анықтаудың өзекті тақырыптары бойынша маңызды баяндамалар тыңдалды.