Ыстамбулда аялдап қалған қазақстандықтар үйлеріне оралды
Алматы. 11 қаңтар. Ақпараттар орталығы. Ыстамбулда рейстердің кешіктірілуіне орай аялдап қалған қазақстандық туристер үйлеріне оралды, деп жазды өзінің Facebook-тегі парақшасында ҚР Инвестиция және даму министрлігінің туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали.
"2017 жылдың 10 қаңтарында Ыстамбул әуежайынан Қазақстанға жоспарланған барлық рейстер ұшырылды", — деп жазды ол.
Сонымен оның ақпарынша, Air Astana авиакомпаниясының ұшағы Ыстамбулдан Атырауға сағат 13.00-да; Turkish Airlines авиакомпаниясының ұшағы Ыстамбулдан Астанаға 19.35-те (120 жолаушы); Pegasus авиакомпаниясының ұшағы Ыстамбулдан Алматыға 21.04-те (95 жолаушы) ұшып шықты.
Сондай-ақ, Air Astana және Turkish Airlines авиакомпанияларының ұшағы (біріктірілген рейс) Ыстамбулдан Алматыға 21.40-та (100 жолаушы) ұшып шықты. Ыстамбулдан Шымкентке 21.50-де 90 жолаушысы бар Atlas Global ұшағы ұшып шықты; Ыстамбул – Алматы бағытындағы Air Astana авиакомпаниясының ұшағы 22.05-те (125 жолаушы) ұшып шыққан. Ыстамбулдан Ақтауға SCAT авиакомпаниясының ұшағы 00.45-те ұшып шыққан (114 жолаушы).
Еске салсақ, Ыстамбулда қалың қардың жаууы салдарынан 9 қаңтарда рейстер кейінге қалдырылған еді. ҚР инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдегендей, Қазақстанға 900 жолаушы уақытында ұшып шыға алмаған.
«Жалпы 900 адам зардап шекті. Оның ішінде 600 адам ауа райы дұрысталғасын ұшып шықты. Тағы 300 адам Ыстамбул әуежайында», - деді Ж.Қасымбек сейсенбідегі үкімет отырысында.


