2017 жылы республикалық маңыздағы үш жол учаскесі ақылы болады
Алматы. 16 ақпан. Ақпараттар орталығы. 2017 жылы республикалық маңыздағы жолдардың 700 шақырымында ақылы жүйе енгізу көзделген, деп жазады primeminister.kz. Инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр нақтылағандай, бұл - Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас учаскелері.
Ағымдағы жылдың қараша айында жүйені тестілік режимде іске қосу күтілуде. 2020 жылға қарай республикалық маңыздағы 6 мың шақырым жолды ақылы ету жоспарланған, бұл жыл сайын шамамен 30 млрд теңге жинауға мүмкіндік береді.
«Ақы төлету жүйесі автожолдарды қамтудың өзін-өзі өтеуіне және бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Р. Скляр үкіметтегі баспасөз мәслихаты барысында.
Вице-министр 2013 жылдан бастап республикада жалғыз ақылы учаске барын еске салып өтті. Ол – ұзындығы 217 шақырым болатын Астана – Щучинск. Аталған учаскеде бекітілген тариф жеңіл көлік үшін бір шақырымға 1 теңгені құрайды. Р. Скляр жаңа учаскелерде бұл тарифтерді арттыру жоспарланбағанын атап өтті. Баламалы учаскелерді салу заңнамамызда қарастырылмаған.
Оған қоса, Р. Скляр автомобиль жолдары сапаның барлық нормативтері бойынша қамтылатынын баса айтты.
Автожолдарды пайдаланушыларға қызмет көрсету бойынша сапалы инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазіргі уақытта республикалық маңыздағы жолдардың бойында жол сервисінің жекеленген 2 мыңнан астам нысаны жұмыс жасайды, олардың басым бөлігі 2015 жылы қабылданған ұлттық стандарттарға сәйкес келмейді.
Сонымен қатар, Р.Скляр 2017 жылы 600-ден астам шақырым жол пайдалануға берілетінін мәлім етті.
Дереккөз: Официальный сайт премьер-министра РК


