Алматы облысының тұрғындарын 8 наурыз мерекесімен құттықтады
Алматы. 6 наурыз. Ақпараттар орталығы. Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты жиын өтті. Жиында жиналған әйел-аналарды облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов құттықтады, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметінен.
"Әйел-Ана – бақ-берекенің көзі, ұлттың, ұрпақтың анасы, ең ардақты жандар. Біз Ана махаббаты арқылы мейірім мен жылылықты сезінеміз. Әрбір адамзат баласының жеткен жетістігі мен биігінде Анасының қосқан үлесі зор деп білемін. Қазіргі кезде қоғамдық өмірдің кез келген саласын әйелдерсіз елестету мүмкін емес", — деді Тұрлашов.
Ол өз сөзінде өңірде еңбегімен еленіп, қоғам өміріне белсене араласып жүрген әйел-аналардың есімдерін атап өтті. Олардың арасында экономиканың барлық саласында белнесе атсалысып жүрген азаматшалар көптеп саналады.
Мұнан әрі салтанатты жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Көп балалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалары, сол сияқты қоғамның әр саласында белсене еңбек етіп жүрген жандарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді.


