Астанада «ЭКСПО-2017» аясында Алматының Мәдени күндері өтеді
Алматы. 6 маусым. Ақпараттар орталығы. Астанада «ЭКСПО-2017» аясында 11-19 маусым аралығында Алматының Мәдени күндері өтеді, аталған шараға құрамында эстрада жұлдыздары, қолөнершілер, шығармашылық ұжымдар бар 400-ден астам адам қатысады, деп хабарлады қала әкімінің сайтынан.
11 маусымда «Қазақстан» ОКЗ-да «Махабатпен, Алматыдан!» атты концерттік бағдарламамен мәдени күндер ашылады, қазақ эстрадасының жұлдыздары Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Мәдина Араппаева, Мәдина Сәдуақасова, Айқын, Луина, «Дос-мұқасан», «Рензо», «Аюми», «Кешью», «Жігіттер» топтары,«Сарын» дуэті, «Салтанат» ансамблі, «Бала дауысы» балалар байқауының жеңімпаздары және басқалары өнер көрсетеді.
12-16 маусым аралығында Алматының мемлекеттік қуыршақ театры Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрында күніне екі рет «Құлыншақ пен Бөлтірік»,«Веселые медвежата» атты үздік спектакльдерін қазақ және орыс тілдерінде ұсынады.
16-17 маусым аралығында «Жастар» театрында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Асқақтай бер, қазақтың сазды әуені» атты музыкалық кеші өтеді.
11-19 маусым аралығында «Этно-ауыл Алматы» көрмесі болады, мұнда үздік суретшілер мен қолөнершілер өз туындыларын ұсынып, шеберлік сыныптарын өткізеді. 17 маусым күні көрмеге келушілерге «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі концерттік бағдарлама ұсынады.
18 маусымда Халықаралық «Астана ЭКСПО - 2017» арнайы көрмесінің амфитеатырнда мәдени күндердің «Асқар таулы Алматы!» атты қорытынды концерті өтеді.


