26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

ЭКСПО-ны лайықты өткізу керек — Назарбаев

17 қараша 2016 Қаралым: 2 584 Мәдениет,  Саясат
akorda.kz
Фото: akorda.kz

Алматы. 17 қараша. Ақпараттар орталығы. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы А.Есімовті қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.  

А.Есімов Елбасыға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық барысының қорытынды кезеңі туралы баяндады. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алғашқы нысандар тапсырылуға дайын, соның ішінде жалпы көлемі 285 мың шаршы метр болатын халықаралық павильондар бар.

"Франция, Германия, Қытай, Түркия және Венгрия елдерінің өкілдеріне павильондар беріліп те қойды. Алда тақырыптық павильондар құрылысын аяқтау міндеті тұр", — деді ол.

Елбасы ЭКСПО-2017 нысандарының іс-шара өткеннен кейін де пайдаланылуы қажеттігіне, сондай-ақ көрме жұмысына қатысатын волонтерлерді дайындау, мәдени іс-шаралар өткізу, республика өңірлерінің атсалысуы, халықаралық көрмеге отандық туристерді тарту мәселелеріне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа жыл соңына дейін Қазақстан павильонының құрылысын аяқтау және оны тиісті тақырыпқа сәйкес мазмұндық тұрғыдан толықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

А.Есімов ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы барлық іс-шара жұмыс режімі бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бүгінде волонтерлердің 3 мыңы дайындықтан өткен, қосымша тағы 1,5 мың волонтерді іске тарту көзделуде.

Мемлекет басшысы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және халықаралық көрмеге қатысушылар мен қонақтарды орналастыру мәселелеріне ерекше тоқталды.

Соңында Елбасы көрмені лайықты өткізу қажеттігін атап өтті..

"Бізге шетелдік қатысушылардың көрмеде көрсететін жаңа инновациялық технологияларын барынша пайдалану қажет", — деді ол. 

 

Тағы оқыңыз