Назарбаев Бейжіңде өтетін «Бір белдеу - бір жол» форумына қатысуға дайын екенін жеткізді
Алматы. 18 сәуір. Ақпараттар орталығы. Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Чжан Гаолимен кездесті, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
"Алдымызда бізді көптеген бірлескен жұмыс
күтіп тұр. «Бір белдеу – бір жол» форумына қатысу үшін Бейжіңге баратын сапарым
барысында біз «Нұрлы жол» және «Жібек жолы экономикалық белдеуі»
бағдарламаларын ұштастыру жолдарын жан-жақты талқылаймыз", -
деді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си
Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» атты халықаралық форумға шақырғанына алғыс
білдіріп, бұл іс-шараға қатысуға дайын екенін жеткізді.
Чжан Гаоли ҚХР төрағасы Си Цзиньпин биылғы маусым айында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына және Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті еліміздегі өзгерістердің іске асырылуына қолдау көрсеткені үшін ҚХР басшылығына алғыс білдіріп, сауда және экономика саласы бойынша екі ел арасындағы байланыстар нығая түседі деп үміттенетінін жеткізді.
«Бір белдеу-бір жол» халықаралық экономикалық форумы Бейжіңде 14-15 мамырда өтеді, ол Азия елдерінің өңірлік интеграция және өзара қарым-қатынасы мәселесіне арналады. Шараға 28 мемлекеттің жоғары басшылығының өкілдері қатысады.
Дереккөз: Официальный сайт президента РК


